National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік хатшы


Жалпы ақпарат

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 тамыздағы N 379 Жарлығы «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының мәртебесі мен өкілеттіктері туралы»

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 19) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы (бұдан әрі - Мемлекеттік хатшы) Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Қазақстан Республикасының лауазымды тұлғасы болып табылады.

2. Мемлекеттік хатшы өз қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей басшылығымен жүзеге асырады, оған есеп береді және бақылауында болады.

3. Мемлекеттік хатшы қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдары, осы Жарлық пен Қазақстан Республикасы Президентінің өзге де актілері құрайды.

4. Мемлекеттік хатшы мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:

1) Қазақстан Республикасының Президентіне ішкі саясат саласы бойынша стратегиялық ұсыныстарды тұжырымдайды;

2) Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес:

Қазақстан Республикасының Парламентімен және оның палаталарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынастарда;

халықаралық қарым-қатынастарда оның атынан өкілдік етеді; 

3) мыналардың:

әлеуметтік-гуманитарлық сала мәселелері бойынша: білім, ғылым, мәдениет және спорт салаларының;

Мемлекет басшысының жанындағы мына консультативтік-кеңесші органдардың: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның; Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның; Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын беру жөніндегі комиссияның;  Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы жөніндегі республикалық комиссияның; Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның; Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның; Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның; Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің және Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметтерін үйлестіреді;

4) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді, қоғамдық даму саласындағы мемлекеттік талдамалық құрылымдардың жұмысын  үйлестіреді;

5) «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау жөніндегі жұмысты үйлестіреді;

6)   Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

5. Осы Жарлықпен белгіленген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында Мемлекеттік хатшы:     

1) өкімдер шығаруға;

2) орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырмалар беруге;

3) Қазақстан Республикасының Парламенті мен оның палаталарының, Үкіметінің, Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысуға;

4) өз құзыретіне жататын мәселер бойынша мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен басқа да материалдарды сұратуға және алуға;

5) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын әзірлеу, сондай-ақ Мемлекет басшысы алға қойған өзге де міндеттерді шешу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы.

6. Мемлекеттік хатшының қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдау және өзгедей қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады. 

 


Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы 

ҚАРИН Ерлан Тынымбайұлы 

1976 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Ақсу ауылында туған.

1997 жылы К. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, 1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін аспирантурасын бітірген.

Саяси ғылымдарының кандидаты.

1997-1998 жылдары – Ақтөбе қаласының №33 мектебінде география және тарих пәндерінің мұғалімі.

1998-2000 жылдары – Қазақстан даму институтында саяси зерттеулер орталығының қызметкері, Қытай және Ресей институты директорының орынбасары.

2000-2002 жылдары – Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінің директоры.

2002-2003 жылдары – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің штаттан тыс кеңесшісі.

2003-2004 жылдары – Республикалық «Асар» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, заманауи саясат Халықаралық институтының бас директоры.

2004-2006 жылдары – Антитеррористік бағдарламалар орталығының басшысы.

2006-2008 жылдары – Маңғыстау облысы әкімінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі.

2008 жылғы ақпан-қараша – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі.

2008-2013 жылдары – «Нұр Отан» ХДП-ның стратегиялық даму бойынша хатшысы.

2013-2014 жылдары – Вашингтон Университетінің (АҚШ) арнайы шақырылған профессоры.

2014-2017 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры.

2017-2019 жылдары – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорация» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы.

2019 ж. сәуір - 2020 ж. шілде аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.

2020 ж. шілде - 2022 ж. қаңтар Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 

2022 жылғы 5 қаңтардағы Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы лауазымына тағайындалды.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Прокуратурасына 25 жыл», Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталған.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару