Сөйлеген сөздер мәтіндері

6 тамыз 2015
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың Семей қаласында өткен «Адамзаттың Абайы» атты салтанатты шарада сөйлеген сөзі

 

Құрметті отандастар!

Қадірменді ел азаматтары мен меймандар!

Адамзатқа Абайдай кемеңгер перзент сыйлаған қасиетті   топыраққа, елге тағзым етіп, ілтипатты сәлемімді жолдаймын!

Халқымыздың мақтанышы, рухани ұстазы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына арналған салтанатты жиынға келген баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін.

Әлем тарихында адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар бар. Адамдар сол тұлға арқылы оның ата мекенін, туған халқын, тілін таниды. Оның өмір жолымен, шығармашылығымен танысқан әр жаңа ұрпақ өзін мазалаған сан сұраққа жауап тауып, жаны жайланады.  Адамзат үшін Абай – сондай санаулы тұлғалардың бірі.

Абай бабамыздың мерейтойын лайықты деңгейде атап өту, оның есімін ұлықтау ісі биылғы мерейтойлы жылы Қазақстанда ғана қолға алынып отырған жоқ.

Абай мұрасы мұхиттың арғы жағындағы елдерде де кеңінен зерттелуде. Мысалы, Америкадағы Смитсон институты қызметкерлері қазақтың бас ақынын әр қырынан зерттеу үстінде. Таяуда бірқатар зерттеушілер Жидебай-Бөрілі жерінде болып, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенін, «Еңлік-Кебек» ескерткіштерін көріп, Абайдың атамекеніне бас иіп қайтты. 

2013 жылы көршілес Өзбекстан астанасында  орнатылған Абай ескерткішін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзі ашып берді.

2014 жылы мүсінші Юань Сикунь сомдаған ұлы бабамыздың қола тұлғасы Пекиндегі «Чаоян» саябағында бой түзеді.

Биылғы жылы Абай мерейтойына, шығармашылығына арналған сан-алуан форматтағы іс-шаралар Қырғызстан, Түркия, Ресей, Монғолия, Еуропаның бірқатар елдерінде өтті.

Ал, ел ішіндегі іс-шараларға мемлекеттік деңгейде мән беріліп,   ұлы ойшыл, ақын-ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының болмысын тану, мұрасын насихаттау, зерттеу ісі жаңа қарқынмен жүргізілуде. 

Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі де жалғасын таба береді. Өйткені ұлт  ұстазы  Абайды оқу, оның даналығын санаға сіңіру – үлкен рухани байлықты игеру деген сөз. Біз бұл байлықты әлі сан ғасырлар бойы игереміз. Себебі Абай – бір ұлттың шеңберінде қалмай, адамзаттың рухани биігіне көтерілген тұлға.

Дорогие друзья!

На формирование мировоззрения великого Абая оказали влияние труды выдающихся философов, поэтов, писателей и ученых всего мира. Он увлекался сочинениями античного периода; восточных мыслителей - Ибн Сина, Навои, Низами; переводил произведения западноевропейских писателей - Гете, Байрона, Дюма; русских поэтов - Крылова, Лермонтова, Пушкина. Пытливому уму Абая были доступны идеи известных ученых и философов Европы Дрепера, Спинозы, Спенсера.

Одно из превосходных отличительных качеств казахского народа – доброжелательность, у Абая  была возведена в высшую степень. По сути великий гуманист является священным духовным мостом глобального единства человечества.

Его человеколюбие основывается на понимании, дружбе и взаимопомощи между людьми. В «Словах назидания» Абай пишет, что в основе истинной дружбы между народами лежат честность, сострадание и сознательность.

Выдающемуся сыну казахского народа были чужды пренебрежение к другим этносам, нотки национализма. Он знал и уважал достижения других народов и всемерно призывал соотечественников изучать и перенимать передовой опыт других наций в экономике, культуре, искусстве, этике.

Абай никогда не выпячивал преимуществ казахов, а наооборот, тонко высвечивал достоинства других этносов. Как настоящий патриот, он разоблачал некоторые пороки, мешающие социально-культурному развитию казахов.

Казахи в силу своего глубокого гуманизма, широкой доброты, щедрости души, несомненно, относятся к одной из самых благородных наций в мире. Поэтому Абая особенно огорчала межродовая рознь среди казахов, ведущая к раздорам и разорению. Он всегда призывал соотечественников к единству и согласию, направляя их взоры на соседние страны, где царят мир и согласие.

Бұл жолдардан халықтар достығы Абай үшін тіршіліктің негізгі мағынасын айқындайтын ұлы мұрат екені көрінеді. Ақын көзқарасын қазіргі тілге салсақ, өзге елдермен достық қарым-қатынаста, ынтымақта, келісімде өмір сүру саясаты – біздің ел болып, қатарға қосылуымыздың алғышарттарының бірі. Өзге өркендеген елдерден үйреніп, ғылымын, мәдениетін меңгеруге үндейді ұлы ұстаз. Бүгінгіше айтсақ, бұл – интеграция, яғни, мәдени, экономикалық, саяси қатынастар орнату.

Сондай-ақ, Абай үшін еңбек – барша игіліктің негізі. Оны мұқият оқыған адам ақынның көзқарастары бүгінгі заман талаптарымен тікелей үндес екенін аңғарар еді. Айталық, Елбасымыздың «Баршаға Ортақ Еңбек қоғамын» құру идеясы Абайдың:

«Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу оқып, білім алған.

Би болған, болыс болған мақсат емес,

Өнердің бұдан өзге бәрі жалған», -

деген өсиетімен,«Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» деген нақылымен үндесіп жатыр.  

Абайдың еңбектері қазақтың жазба әдебиет мектебін қалыптастырды. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Шәңгерей Бөкеев өлеңдері; Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұхамедов саяси-ғылыми көсемсөздері; Спандияр Көбеев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармалары Абай мектебінің тәлімімен жазылғаны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Сондықтан да Абайдың әдеби әлемін біз қазақ әдебиетіне тың бағдар, үлкен жаңалық әкелген құндылық деп танимыз.

Абайдан бастау алған кемел жазба әдебиет, қазақтың көркем сөзі ХХ ғасыр басындағы аумалы-төкпелі замандарда халыққа рухани медеу болды. Жазба әдебиет арқылы ұлттың рухани болмысы, ішкі мұң-зары, кемел келешекке көзқарасы мен пайымдары қағаз бетіне түсті. Қағазға түскен көшелі ой мен кестелі сөз қалыптасып келе жатқан қазақ зиялы қауымына рухани нәр беріп, әдебиет пен қоғамда серпіліс туғызған дара туындылар жазылды.  

Өз заманының қайшылыққа толы шындығы Абайдың ойшылдық қарымы мен зерттеушілік тегеурінін белгілеп берді. Сол шытырманнан шығар жол іздеп жүріп, ол өз халқының ұлттық бітімін жан-жақты пайымдады, басындағы қасіретті егжей-тегжейлі талдады.

Ол өз жұртының сол дәуірдегі әлеуметтік болмысымен шектелмей, оны қалай сауықтырып, сауаттандырудың амалын іздеді. Өз пайымын ортаға салды, сөйтіп, қазақ зиялыларының өткен ғасыр басындағы әлеуметтік прогреске талпынысына, сол кездегі қоғамдық санаға ықпал етті.   

Абайдың өз заманында жазған еңбектері бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыратын біздер мен келер ұрпақ ұлы ақынның дана ойларымен, насихат сөздерімен қарулануға тиіспіз.

Ия, Елбасымыз айқындап берген сара жолмен жарқын болашаққа жетуіміз үшін, іргесі берік Мәңгілік Ел болу үшін бір-бірімізді дос, бауыр көруіміз керек.

Елде осы бағытта:  қоғамның, әсіресе жас ұрпақтың ұлы Абайды танып, рухани нәр алуы үшін жұмыс жүргізілуде. Соның бірі – Елбасының қолдауымен «Абай әлемі» атты тұңғыш энциклопедиялық порталдың ашылуы. Сондай-ақ «Абайдың ұлы жұмбағы» атты деректі фильм түсірілді.

Халқымыз Абайды ұлттың данагөй ұстазы деп таниды. Оның  шығармашылық мұрасы – біз үшін баға жетпес қазына.

Ұлы ақын қалдырған 170 өлең, 56 аударма, поэма, 45 «Қара сөзі» және әндері мен күйлерін зерделеу, зерттеу ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек. 

Қазақ даласында туып, рухани терең болмысымен адамзаттың Абайына айналған ақынның ғаламдағы тұғыры барған сайын биіктеп, мәңгі жасай берері сөзсіз.


Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері
 
Басқа cөйлеген сөздер мәтіндері
Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері