Сөйлеген сөздер мәтіндері

9 маусым 2015
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың «Елдік жолындағы ерлік» атты мақаласы
 

Тарихты тұлғалар жасайды деген қадым замандардан келе жатқан қағиданың ерекше айқын дәлелдерінің бірі бүгінде елдің санасында  Қазақстан, Назарбаев, Астана ұғымдарының өзара үйлесіп, табиғи тұтастанып, ажырағысыз бірегей мағынаға айналып кеткені дер едік. Дала данышпандарының бірі, XІ ғасырда Қарахандар қағанатында өмір сүрген  философ  Жүсіп Баласағұнның «Күшті кісі – құт қонар тұғыр» деген сөзін ой сөресінде дестелесек, бүгінде қарыштап дамыған Қазақстанға, ажары айшықталған Астанаға құтты қондырған, шұғылалы игілікті әкелген  тарихи тұлға – Елбасы екеніне ешкім шүбә келтірмесі анық. Жаратқан ие әрбір халықтың ырысының өлшеміне сай әр дәуірде өз тұлғаларын беріп отырады десек, бұл тұрғыда Қазақстан халқы маңдайы жарқыраған, ырыздығы тасыған өте бақытты халық екені ақиқат. Өйткені, елдің тізгіні есімі бір ұлтқа, бір жұртқа ғана емес, бүкіл дүниежүзіне белгілі дара тұлғаға айналған сұңғыла саясаткер, әлемдік ауқымдағы мемлекеттік қайраткер, біртуар стратег Нұрсұлтан Назарбаевтың қолында болуы халықтың ертеңгі болашағының баяндылығының берік кепіліне айналды. Әлемдік саясаттанушылар Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  есімін  бүгінгі таңда Джордж Вашингтон, Кемал Ататүрік, Шарль де Голь, Ли Куан Ю сияқты жаһандық деңгейдегі тұлғалармен қатар қоюы да көп жайтты аңғартса керек. Бүкіл түркі әлеміне ортақ тарихи тұлға, философ Қорқыттың «Ауыр жүктің михнатын тұғыр емес, тұлпар білер» деген максимасы егемендіктің елең-алаңынан бүгінгі қалыптасқан мемлекеттің жүріп өткен жолында кездескен барша қиындықтар мен күрделі кезеңдер  Елбасының  ерекше қажыр-қайратымен еңсерілгенін айқындай түсетіндей. Сондықтан, Мемлекет басшысының өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары күйзелген елдің еңсесін тіктеп, өзгеше келбетті елордасын салдыруы, қазақтың сайын даласын бірлік пен ынтымақтың бесігі ретінде орнықтыруы, әсіресе Қазақстанды адамзат тарихындағы тұңғыш рет ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан бейбітшіл елге айналдыруы тәрізді батыл қадамдары әлі де түбегейлі зерттеуді қажет етеді. Бұл тарихи шешім Қытайдың ұлы қолбасшыларының бірі Сунь Цзыдің қантөгіссіз жеңіске жету туралы стратегиялық ережелерінің жаңа заманда жаһандық ауқымда іске асырылған керемет үлгісі еді.  Бұл пікірімізді БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның «Қазақстан Президентінің көреген саясаты болмағанда, бұл өңірдегі халық әлі күнге дейін сынақтардан зардап шегіп отыруы мүмкін еді. Сіздің Орталық Азияда ядролық қарудан ада аймақ құру бастамаңызбен солтүстік жарты шарда ондай аумақ тұңғыш рет құрылғанын да зор ризашылықпен айта аламын» деген сөздері де растайды. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің 2011 жылғы 27 тамыздағы санындағы жарияланған сұхбатында айтылғандай, кеңестік жүйенің әлі көбесі сөгілмей, дербес шешім қабылдай алмайтын алмағайып кезеңнің өзінде Елбасы Одақ басшылығына Семей полигонын жабу жөніндегі мәселені төтесінен қойып, өзінің берік ұстанымын негіздей алуы және азаттықтың алғашқы жылдары әлемдік державалар басшыларымен тең дәрежеде келіссөздер жүргізіп, Қазақстанның қауіпсіздігіне қатысты келісімдер жасап, ел мүддесін қорғап шығуы қайталанбас тарихи ерлік.

Қазақ елінің жаңа мыңжылдықтағы ұлы көшін бастап келе жатқан Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында  тәуелсіздік жылдары еліміз әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына еніп, ішкі жалпы өнім көлемі 20 есеге өсіп, өткен жылы жан басына шаққанда 13 мың долларды құрады. Ел дамуының ұзақмерзімді бағдарламасы «Қазақстан-2050» және Ұлт жоспарында көрсетілгендей, қазіргі таңда тұғыры ешқашан шайқалмайтын қуатты мемлекет  – «Мәңгілік Елді» құру жолында еліміз әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жөнінде алдына өршіл мақсат қойып отыр.

Саяси қайраткерлер өмірін зерттеушілер Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи тұлғасын зерделеуде, оның ең әуелі ішкі тұрақтылықты және халықтың бірлігі мен келісімін  қамтамасыз ете алуы мемлекетті жаңаша қалыптастыру ісінде зор рөл атқарғанын алға тартады. Егемендіктің бастапқы жылдарында мемлекет құрушы қазақ халқының саны барша ел халқының жартысына да жетпеуі тәуелсіздікті қолда нық ұстап қалуға едәуір қауіп туғызғаны да ақиқат.  Сондай күрделі кезеңде Президент елімізді мекен еткен барша ұлыстарға ортақ болашақты бірлесе қалыптастырмай тағдырласа өмір сүру мүмкін емес екенін, заманауи қуатты мемлекет құру жолында жұмылған жұдырықтай бірге еңбек ету қажеттігін сөз жүзінде айтып қана қоймай, іс жүзінде дәлелдеп берді. Расында да Елбасы ешбір мемлекетте болмаған бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, этносаралық қатынастарды жетілдіруде жемісті істерге жол ашты.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы  1991 жылы 10 желтоқсанда Президенттік қызметіне кірісуге арналған салтанатты рәсімде: «Мен біздің Қазақстан территориясында жоғары дамыған полиэтникалық өркениет құра алатынымызға сенемін, онда қазақ ұлты қайта түлейтін болады, оған енетін барлық ұлттар мен ұлыстар өкілдері өздерін еркін сезінетін болады» деп атап көрсетіп, қазақ халқын ұлттарды ұйыстырудың, ұлыстарды топтастырудың алтын діңгегі ретінде айқындады, сан ғасырлық мемлекеттіліктің құқықтық, тарихи дара мұрагері ретінде белгілеп берді.

Бұл орайда британдық тарихшы Джозеф Арнольд Тойнбидің адамзаттық өркениеттерді жіктейтін әйгілі еңбегінде түркілік, номадтық өркениеттің дағдарыстық сипатта дамымай қалғандығын атап көрсеткені белгілі. Алайда, көшпенділер мәдениетінің ұлы мұрагері, түркілік өркениеттің жалғастырушысы саналатын қазақ халқы қайталанбас тұлға Елбасының ерен еңбегінің арқасында пассионарлық биікке өрлеп, Тойнби постулатының өміршең еместігін дәлелдеді. Мемлекет басшысы Ұлытау төріндегі ұлағатты сұхбатында: «Тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр» деген келелі пікірін білдіріп, тарихи тамырымыздың тереңдігі мен мәңгілік мұратымыздың биіктігін айқындады. «Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз. Бұл – ғұндардың да, көк түріктердің де, Алтын Орданың да орталығы болған жер», деген қанатты сөзі қазақ мемлекеттілігінің мыңжылдықтарға созылатын ұлы тарихын айғақтап берді. VIII ғасырда өмір сүрген саяси қайраткер және әскери қолбасшы, екінші Шығыс Түрік қағанатының  негізін қалаушы Тоныкөк: «Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым, төрт бұрыштағы халықтың бәрін бейбіт еттім: бастыны еңкейттім, тізеліні бүктірдім!» деп, «Мәңгілік Ел» құрсақ деген асыл мұраты бүгінгі тәуелсіз мемлекетімізде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатымен кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Елбасының тәуелсіздікті нығайтудағы және мемлекеттілік тамырын тереңдетудегі батыл қадамдарының қатарына елдегі бірлік пен татулықты орнықтыруымен қатар еліміздің белортасындағы берекелі мекенге  Астананы салу жөніндегі тарихи шешімін қабылдап, іс жүзіне асыра алуы екені айдай ақиқат.  Тарихшылар арасында айтылатын Александр Македонскийге әкесінің: «ең алдымен Афина туралы ойла. Афина ел емес, қала емес, ол Идея» деген сөзі біздің бүгінгі күн сәулетті Астанаға да қаратып айтылғандай.  Астана  –  жаңарған тәуелсіз Қазақстанды құрудағы Елбасының бірегей идеясының жүзеге асқан асқақ шыңдарының бірегейі.

Халқымыздың «Орда тігер жер ме екен, бауырласар ел ме екен?» деген қанатты сөзінің астарында терең мән жатыр. Ұлтымыздың ұлы қасиеттерін бойына барынша сіңірген ел Президенті елорданы көшіруде «қонысың жайлы болмай, тірлігің сайлы болмас» деген халық даналығына сүйенді. Бұрынғы Ақмоланың тоғыз жолдың торабында орналасуы және сан салалы инфрақұрылымының қалыптасуы, ең бастысы, байтақ республикамыздың барлық өңірін байланыстыруға ыңғайлы кіндік тұста орын тебуі ерекше ескерілгені мәлім. Сондықтан, еңселі елордамыздың бүгінде барша халықты игі мақсаттарға жұмылдыратын тұғырлы орталық ретінде орнығып, ал оның төл мейрамы – Астана күні, ел-жұрттың мерейін асырып, мейманасын тасытатын мемлекеттік деңгейдегі ұлық мерекелердің біріне және бірегейіне айналды. Еліміз ғана емес, алып құрлық Еуразияның нақ жүрегінде, ерке Есілдің жағасында жайқалған келбетті қаланың  демиургі, ғаламат жобаның идеялық авторы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында  «Астананы құру – ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әр ұрпақтың маңдайына бұйыра бермеген»  деп  атап көрсетуі, Қазақ Елінің бүгінгі шырқау биігі мен шынарлы асуын мейлінше айқындап тұр. Мемлекет басшысы айтқандай  бұған дейінгі талай ұрпақтың талайына жазылмаған, тағдырына бұйырмаған осынау тарихи белестің, Тәуелсіздіктің қадыр-қасиетін, біз, яғни барша Қазақстан халқы көзбен көріп, жүрекпен сезіп отыр. Кешегі кеңестік жүйеден кейінгі күйзелісте күйреп қалуы ықтимал деген немесе дербес мемлекет ретінде тәуелсіздігін сақтап қалатынына күмән туғызған кейбір сырткөз сыншылардың болымсыз болжамын ғасырдың ширегіне жетпеген аз уақытта таңқаларлық серпіліс жасай білген Қазақстанның қазіргі аршынды қадамдары, Астананың ақдидарлы кескіні толықтай жоққа шығарғаны ақиқат.

Елордамыздың аспанмен таласып, төбесі ақша бұлттарға жететін ғимараттарының, инфрақұрылымы таңдай қақтыратын әлемдегі ең ірі мегаполистердің алдыңғы легінен орын алуына Мемлекет басшысы ұдайы назарында ұстап келеді. Дүниежүзінің дүбірлі жиындары ЕҚЫҰ Саммиті, Азияда және басқа да халықаралық саяси, экономикалық, спорттық іс-шаралар өткен, сондай-ақ Астана экономикалық форумы, Еуразиялық медиа форумы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын елордамыз бүгінде әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелер талқыланатын бірегей орталық ретінде бекіді.  Сонымен бірге, Астана қазірдің өзінде әкімшілік, рухани-мәдени орталық қана емес, заманауи жаңа технологияларды бойына сіңірген интеллектуалдық орда мәртебесіне ие болып, Еуразиялық «Пальмираға» айналды. Американдық әлеуметтанушы, футуролог Джереми Рифкин ұсынған үшінші индустриялық революциясында жаңа технологиялар мен экологияның үндестігі, сандық дәуірдегі экономикада  табиғатты сақтап қалудың жолдары көрсетілгені мәлім. Сол себепті,  Президенттік стратегияның басты бағыты – алдыңғы қатарлы «ақылды» қала құру болып табылады. Сол мақсатта осыдан екі жыл бұрын халықаралық ЭКСПО көрмесі өткізілетін 2017 жылға қарай Астананың әлемнің «ақылды» 50 қаласының қатарынан орын алуы көзделетін Smart Astana ауқымды жобасының басталуы үлкен істің бастамасына айналуда.  Жоба аясындағы «Қауіпсіз қала» және «Зияткер көлік жүйесі» бағдарламалары ЭКСПО көрмесі кезінде әлденеше есе ұлғаятын жолаушылар ағымын тасымалдауға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат етпек. Әуежай мен жаңа вокзал арасын қосатын жол,  логистикалық орталық және басқа да  инфрақұрылым объектілерін салу жұмысы қазіргі заманның ең биік сұраныстарын қамтамасыз ету көзделе отырып жүргізіледі. Жаһандық  дәрежеде беделі бар компаниялардың кеңесімен жүргізілген жұмыс бүгінде өз нәтижесін беруде.

Ұлан-ғайыр далада ерекше сымбатымен бой көтерген Астана – бүкіл қазақстандықтардың үкілеген үмітіндей, аласармас арманындай биік. Ғажайып өнер туындысындай әсем қала жергілікті тұрғындардың ғана емес, бүкіл ел тұрғындарының өміріне жаңа леп, жақсылыққа ұмтылыс әкелуде. Жаңа қала  – қуатты қарқынмен жүргізілген экономикалық реформалардың ғана емес, рухани-мәдени жаңғырулардың орталығына айналды. Ұлт жоспары – 100 нақты қадамда Астана қаласын әлемнің Нью-Йорк, Токио, Сингапур сияқты негізгі қаржы орталықтарымен байланыстыру үшін жаңа халықаралық бағыттарға ыңғайластырылатыны, «Астана - Еуразия жүрегі» кластерін құрып, мәдени-туристік бағыттың ілгерлететіні елеулі оқиға болмақ.

Тәуелсіздік тарихын жазушылар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алысты болжай білер көрегендігі туралы сөз қозғағанда бұған дейін лайықты жүзеге асырылған «Қазақстан-2030» бағдарламасын және бүгінгі таңда дамудың басты бағдары саналатын «Қазақстан-2050»  ұзақмерзімді стратегиясын қабылдауын басты назарға алады. Стратегияда жедел өзгермелі тарихи жағдайлардағы жаңа Қазақстанның жаңа саяси 7 бағыты белгіленіп, ел дамуының ең өзекті мәселелерін шешудің жолдары айқындалды. Солардың қатарында, Елбасы білім беру саласына ерекше тоқталғаны мәлім. Өйткені, ХХІ ғасырда мемлекеттің тұғырының берік болуы, керегесінің кеңейе түсуі бірінші кезекте сауатты халқымен, білімді жастарымен жүзеге аспақ. Соған орай, елімізде қолжетімді және сапалы білім беруді дамыту бағыты дәйекті жүргізілуде.  Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірінде және бас қаламыз Астанада Назарбаев зияткерлік мектептерінің қанат жаюы, сондай-ақ, білім сапасы және жаңа технологияларды енгізу жағынан әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындармен иық теңестіре алатын Назарбаев университетінің  құрылуы еліміздің білім саласында қол жеткізген айтулы табысы. Бүгінгі таңда Назарбаев университеті қазақстандық білім саласының ұлттық брендіне айналды. Бұл университет студенттерге жоғары білім беретін оқу орны ғана емес, қазіргі заманғы қуатты ғылыми инфрақұрылымы қалыптасқан, соңғы инновациялық тәсілдерді енгізген, ғылыми әрі инженерлік адам ресурстары қамтылған  ірі ғылыми-зерттеу орталыққа айналуда.

 Әсіресе, Елбасының тікелей бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Болашақ» стипендиясы арқылы шет елдердің үздік университеттерінде жоғары білім алған 8 мыңнан астам ел жастары бүгінде республикамыздың сан алуан салаларында халықтың игілігі үшін қажырлы еңбек етуде.

Мемлекет құру ісінде Елбасы салауатты халық, дені сау ұрпақ қана елді ілгері бастыра алатынын бағамдап, Стратегияда денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғыртуды тапсырды. Соған сәйкес, елдің барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізу, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыру жұмыстары жүргізілуде. Президент тапсырмасымен «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2017 жылы міндетті медициналық сақтандыру қорының жұмысын қамтамасыз ету бойынша салаға маңызды міндет жүктеді.

 «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен танылады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады».  2007 жылы 13 ақпанда өткен «Мәдени мұра» бағдарламасының отырысында айтқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл сөздерінен Президенттің төл мәдениетімізді соншалықты тереңнен ұғынатынын, оның шын жанашыры, ерекше қолдаушысы екенін аңғарамыз. Расында да талай жылдар көміліп жатқан алтын көмбеміз, тарихи-мәдени мұраларымызды қайта аршып, шет ел архивтерінен ұлт тарихына қатысты деректерді жинастыруға жол ашқан, халықтың бойында рухани сілкініс жасаған «Мәдени мұра» бағдарламасы Елбасы идеясының нақты жемісі.  Соның нәтижесінде, қазақ мәдениетінде ренессанстық серпіліс жасалып, қажымай-талмай жинастырылған Мәдени мұра Мәңгілік мұраға айналды. Президент мәдениеттің, әдебиет пен өнердің ерекше еңбек сіңірген танымал тұлғаларына – 100 адамға жыл сайын стипендия тағайындауы, мәдениет ошақтары мен өнер ордаларына мемлекет қаржысын тиісінше бөлдіріп отыруы, мәдениет пен өнердің биікке өрлеуіне тың серпін беруде. Мемлекет басшысы әлемдегі ең дамыған алғашқы отыздыққа кіру тек экономикалық, индустриялық жағынан үлкен серпіліс жасаумен ғана емес, халықтың рухани-мәдени деңгейінің өсуімен де өлшенетінін ескере отырып, өзге жұрттың республикамызды руханияттағы дәреже-деңгейімізбен де құрметтетуге мүмкіндік туғызуда.  Өткен жылы Елбасы Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдамада креативтік пен бәсекеге қабілеттілікті алдыңғы қатарға шығара отырып, мәдениет саласын экономика ресурстарының біріне айналдырып, бизнес-бастамалар үшін тартымды инвестициялық салаға айналдыру, атап айтқанда: кино индустриясы, анимация, цирк өнері, мұражай, концерт пен театр қызметтері және басқа да өнердің жекелеген түрлері мен мәдениет ұйымдарын  экономикалық тұрғыдан табысты (рентабельді) деңгейге шығарудың жолдары айқындалды.  Бүгінгі таңда біздің ұлттық, кәсіби, классикалық өнерімізді барша әлем таниды. Елордада әлемдегі үздіктердің қатарына енген «Астана Опера» опера және балет театрының іске қосылуы, «Астана балет»  театрының құрылуы, «Қазақстан» кино концерт залының халыққа қызмет көрсетуі барша қазақстандықтар үшін үлкен мақтаныш. Өнеріміз, әсіресе ұлттық өнеріміз қазақты әлемге танытатын брендке айналып, кино, театр өнері жаңа кезеңге көтерілді. Сахналық туындыларымыз Еуропа мен Америка көрермендерінің көзайымына айналды. Бұл тұрғыдан келгенде, Қазақстанның руханияттық авторлығын әлемдік өркениет толық мойындап отыр.  Елбасының осындай қамқорлығының арқасында төл мәдениетіміз төрге озды, әлемдік деңгейдегі жоғары классикалық өнерге талғампаздықпен баға бере алатын өрелі көрермен, өркениетті қоғам қалыптасты.

«Отан – отбасынан басталады» демекші, отбасылық құндылықтарды,  отбасы және неке институтын нығайту мәселелері Елбасы ұдайы назарында ұстап қоғамда моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға және Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруға барынша маңыз беріп келеді.  «Біріншіден, жердегі өркениеттің бүкіл хронологиясы – кез келген қоғамның негізі ретіндегі Адамзат Отбасының Ұлы тарихы. Екіншіден, отбасы – өте ұлы құндылық. Мыңжылдықтар мен ғасырлардан бері отбасы әрбір қоғамның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан моральдық салттардың, ұлттық дәстүр­лердің сақтаушысы  болып табылады. Үшіншіден, отбасы – өз халқыңа, оның мәдениеті мен тұрмысына деген сүйіспеншіліктің сарқылмас қайнар көзі. Ол ата-аналар, балалар мен немерелер бақытының призмасы арқылы өтетін патриотизм мен Отанның өркендеуіне деген мәңгілік қамқорлықтың қайнар көзі. Ол ұрпақтардың ғасырлық өзара байланысы. Төртіншіден, ХХІ ғасырда жаһандану дәуірі отбасы мен бақытты неке құндылықтарын прогрестің маңызды шарттары етеді. Оны қазіргі заманғы әлемнің барлық табысты елдерінің тәжірибелері айғақтайды»  деп, атап көрсеткен Президент отбасылық құндылықтардың мәнін егжей-тегжейлі білетінін аңғартты. Мемлекет басшысының осы тұғырнамалық тұжырымдары және  баяндамасында атап көрсеткен мемлекет пен қоғамнан жүйелі шаралар қабылдауды талап ететін бес бағыты елімізде осы саладағы негізгі бағдарларды белгілеп алуға  жол сілтеп, «Қазақстан Республикасында отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық іс-шаралар жоспары» қабылданды. Әрбір отбасының тірегі саналатын аналарға деген қамқорлық, оларға жасалатын қолдау деңгейі елдегі демографиялық ахуалдың жақсаруына едәуір серпін беруде.  Мемлекет басшысының халықты барынша сақтау және оның санын 20 миллионға жеткізу және одан да әрі арттыру жөніндегі келелі міндеті елдің даму деңгейіне сәйкес нақты көрсеткішке айналатынына сенімдімін.

Осылайша, Еуразия кіндігіндегі өркениетті елі, өрісті жері, өсіп-өнген халқы бар Қазақстан Республикасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана стратегиясы, көреген саясатының арқасында ХХІ ғасырда қуатты нарықтық экономикасымен, заманауи саяси-демократиялық жүйесімен, азаматтық қоғамымен алға қарай аршындап дамып келеді. Соның нәтижесінде, біз АҚШ-тың бұрынғы президенті Авраам Линкольн айтқандай,  «адамдар адамдар үшін билік ететін»  демократиялық мемлекет құрудамыз.  Қазақ Елінің түпкілікті мұраты – мызғымас «Мәңгілік Елді» құру,  ұзақмерзімді межесі – «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру болса, бұл игілікті мақсатқа Ұлт жоспары – 5 институционалдық реформа даңғыл жол салып беруде. Сондықтан, бүгінгі дәуір егемен ел болып, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» берекелі де бейбіт заманды көрсек деп, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының асыл мұратының орындалған  дәуірі. Бұл дәуір байтақ далада мызғымас мемлекеттің қадасын қағып, керегесін кеңейткен, сөйтіп іргелі елге айналдырған Елбасының осынау сан қырлы, сан салалы өлшеусіз тарихи еңбегінің жарқын көрінісі, шежірелі жолы.  Бұл Қазақ Елінің алтын ғасыры! Мемлекет басшысы Ұлытаудағы ұлағатты сұхбатында айтқандай: «Заман өтеді, уақыт алға жылжиды. Ұрпақтар бірінің жолын бірі жалғайды. Бірақ ата-бабамыздың жері осылай керемет болып қала береді. Осындай әулиелі жерден қуат алған халқымыз ата-бабалар жолымен жүреді деп санаймын. Ол жол – сара жол, Мәңгілік Елдің жолы!».

Елбасы туралы ой толғау оңай емес. Қазақстан Президентінің еліміз үшін сіңіріп келе жатқан ерен еңбегінің терең бағасын берер бір сөз іздегенде ойымызға «ерлік» сөзі орала береді. Расында да Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүкіл өмір жолы туған Отаны – тәуелсіз Қазақстанды барша әлемге танымал, еңсесі биік мәртебелі мемлекетке айналдырсам деген биік мұратпен суарылған  елдік жолындағы ерлікке толы екені айдай ақиқат.

 

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті,

2015 жылғы 9 маусым


Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері
 
Басқа cөйлеген сөздер мәтіндері
Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері