Жаңалықтар

23 ақпан 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үш облыстың әкімдерін қабылдады.

Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов Елбасына облыстың 2005 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндап берді.

 
- Елбасы облыста тұрғын үй бағдарламасын қарқындату мен индустриалдық-инновациялық бағдарламаны жандандыру мәселесіне көңіл бөлді. Осы аталған екі бағдарлама да жақсы дамып келеді, мәселен биыл ипотекалық несие арқылы 75 мың шаршы метр үй тапсырылуы тиіс болса, тұрғын үй алуға ниет білдірушілердің көбеюіне байланысты осы межені екі есеге арттыру мүмкіндігі туып отыр, - деді Елеусін Сағындықов журналистерге арналған брифингте.

 

Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасына Маңғыстау облысының әр деңгейдегі әкімдерінің есеп беруі жөнінде және тұрғындарды қызықтырған мәселелер туралы баяндап берді.

 
- Елбасы Каспий теңізі қайранының игерілуіне байланысты шетелдік инвесторлармен, сондай-ақ оралмандардың әлеуметтік мәселелеріне байланысты көші-қон комитетімен бірлесе жұмыс атқаруды тапсырды. Сондай-ақ Елбасы Ақтау, Баутино, Құрық порттарының келешегіне қатысты тиісті инфрақұрылымдарды уақытында ұйымдастыру қажет екенін атап өтті. Атырау-Ақтау тас жолын салуды тездету, Ақтау халықаралық әуежайының құрылысы, ауыл шаруашылығындағы орта және шағын бизнеске көмек көрсету мәселелеріне байланысты нақты тапсырмалар берді. Жарты жылдан кейін осы аталған мәселелердің қорытындылары Елбасына баяндалуы тиіс, - деді Қырымбек Көшербаев.

 
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматулинді қабылдады.

 
- Мен Елбасына Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндадым. Мемлекет басшысы индустриалдық-инновациялық мәселелерді одан әрі дамытуға байланысты нақты тапсырмалар берді, - деді Н.Нығматулин журналистерге арналған брифингте.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар