Жаңалықтар

23 ақпан 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар саяси мемлекеттік қызметкерлердің Қазақстан халқына ант беру рәсіміне қатысты.

13.jpg

14.jpg

Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес Қазақстан халқы мен Президенті алдында Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденов, Әділет министрі Зағипа Балиева, Қаржы министрі Наталья Коржова, Қоршаған ортаны қорғау министрі Камалтин Мұхамеджанов, Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Ермұхамет Ертісбаев, Төтенше жағдайлар министрі Шалбай Құлмаханов, Энергетика және минералдық ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұхамедов, Республикалық Ұланның қолбасшысы Абай Тасболатов, Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов, Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматулин, Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Қазақстан Республикасының халқы мен Президенті алдында өз Отаным – Қазақстан Республикасын экономикалық және рухани дамыту ісіне барша күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық және ұлтаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен әлемдік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін, ант етемін», - деп саяси мемлекеттік қызметкердің антын қабылдады.

 
- Бүгінгі рәсім жаңадан ант беріп отырған сіздер үшін өте елеулі оқиға және сіздерге зор жауапкершілік жүктейді. Анттың әр сөзінде халыққа қызмет ету тұғырында айтылған мәселелер бар. Еліміз бен халқымыз өткен сайлауда мен басқарып отырған мемлекет пен ел Үкіметіне бірауыздан үлкен сенім білдірді. Сол сенімді ақтау үшін мемлекеттік қызметкер атағына лайық  халқымызға адал қызмет ету керек. Жүктелген міндеттерді адал атқаруға, халыққа қамқоршы болуға, халықтың мүддесінен шығуға жергілікті жерлердегі әкімшіліктер мен министрлікті басқаратын азаматтар әр уақытта дайын болуы тиіс. Сонымен бірге еліміздің алдында әлемнің бәсекеге қабілетті елу мемлекетінің қатарына қосылу мәселесі тұр. Бұл бәрімізге үлкен жүк артып отыр. Бұл бұрынғы атқарған шаруаларымыздан  да ауыр, білімділік пен біліктілікті талап ететін үлкен мәселе. Соған сай болу үшін әр мемлекеттік қызметкер, әсіресе саяси мемлекеттік қызметкерлер өзінің білімі мен біліктілігін көтеріп, тиісті бағдарламаны тиімді орындау үшін әр салада қызмет етуі керек. Сондықтан да мен баршаларыңызға табыс тілеймін, - деді Елбасы ант қабылдаушыларға арнаған сөзінде.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар