Жаңалықтар

18 желтоқсан 2020
Мемлекет басшысының атына Тәуелсіздік күніне орай құттықтаулар келіп жатыр

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтау жеделхаттары келіп түсуде.

Латвия Президенті Эгилс Левитс өз құттықтау хатында елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың достық және сындарлы сипатын атап өткен.

– Ригада Қазақстан елшілігінің ашылуы екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатындағы маңызды қадам болды. Латвия мен Қазақстан арасындағы өзара іс-қимылды екіжақты ынтымақтастық шеңберінде, Еуропалық одақ пен Орталық Азиядағы келісім бойынша, сондай-ақ, БҰҰ мен басқа да көпжақты құрылымдар аясында кеңейте береміз деп сенемін, – делінген жеделхатта.

Эстония Президенті Керсти Кальюлайд қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, екі ел ортасындағы ынтымақтастық өзара табысты салалар бойынша одан әрі дами береді деп үміттенетінін жеткізген.

Румыния Президенті Клаус Вернер Йоханнис өз құттықтау хатында Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына денсаулық, бейбітшілік пен амандық тілеген.

– Мен Румынияның  2003 жылы Астанада қол қойылған Серіктестік және ынтымақтастық туралы декларация негізінде біздің елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ниетті екенін нақтылаймын, – делінген жеделхатта.

Кипр Республикасының Президенті Никос Анастасиадис Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

– Қазақстан COVID-19 пандемиясынан туындаған бұрын-соңды болмаған жаһандық қиындықтарға қарамастан, Өзіңіз бастамашы болған реформалар жолын одан әрі жалғастыра беретініне нық сенімдімін, – деп жазған.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар