Жаңалықтар

27 наурыз 2013
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында оңтүстік өңірлерді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Кеңесті ашқан Қазақстан Президенті оңтүстік өңірлерде еліміз халқының жартысы тұратынын, мұнда едәуір ғылыми, өнеркәсіптік, аграрлық ресурстар шоғырланғанын, сондай-ақ елеулі тасымал әлеуеті бар екенін атап өтті.

Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы К.Мәсімов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ғ.Әбдірахымов, Алматы қаласының, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл,  Алматы облыстарының әкімдері қатысты.

Кеңесті ашқан Қазақстан Президенті оңтүстік өңірлерде еліміз халқының жартысы тұратынын, мұнда едәуір ғылыми, өнеркәсіптік, аграрлық ресурстар шоғырланғанын, сондай-ақ елеулі тасымал әлеуеті бар екенін атап өтті. Осының бәрі республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуында оңтүстік өңірлердің алатын орны ерекше екенін көрсететініне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев облыстарда өнеркәсіпті индустриясыздандыру үдерісіне жол бермеуге, ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты пайдалануға, тұрғындарды жұмыспен қамту, өңірлерде шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі бағдарламаларды әрі қарай жүзеге асыру жөнінде белсенді жұмыстар жүргізу қажеттігіне ерекше назар аударды.

Кеңес барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев Мемлекет басшысына өңірлік даму мәселелері, оңтүстік өңірлерде елеулі маңызды өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жөніндегі тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады. Ол Президенттің барлық тапсырмасы Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін және жүйелі дәрежеде жүзеге асырылатынын атап өтті.

Алматы қаласының әкімі А.Есімов экологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін арттыру, заңсыз көші-қонды реттеу және қаладағы көлік проблемаларын одан әрі жолға қою мәселелері бойынша қабылданған шаралар туралы әңгімеледі.

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев еңбек заңнамасының бұзылуына байланысты мәселелерді шешу, өңірдегі индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыру барысы, атап айтқанда, облыстың өңірлік жалпы өніміндегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесін арттыру туралы мәлімдеді, сондай-ақ Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізінің құрылысы жөніндегі жұмыстың жай-күйі туралы айтты.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов соңғы жылдары өңірде жаңа мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің құрылысы бойынша едәуір жұмыс жүргізілгеніне тоқталды. Атап айтқанда, балабақшалармен қамту деңгейі 14 пайыздан 61 пайызға дейін артты. Бұған қоса, облыс әкімі Көксарай су реттегішінің және басқа да су-техникалық ғимараттарының жұмысы туралы баяндады.

Жамбыл облысының әкімі Қ.Бозымбаев өңірдің 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру, ауылдық аумақтағы апат алдында тұрған мектептердің проблемаларын шешу, сондай-ақ электр энергиясының баламалы көздеріне байланысты жобаларды енгізу туралы айтты.

Алматы облысының әкімі А.Мұсаханов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді, сондай-ақ индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында салынған нысандардың жоспарланған қуатында берілуі жөнінде жүргізілген жұмыс туралы айтты.            

Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі әкімдердің туындаған проблемаларды жедел реттей отырып, тұрғындармен нақты жұмыс істеуі қажеттігіне тоқталды.

- Мемлекеттік қызметтің сапасы еселеп өсуге тиіс. Өткен жылы Президент Әкімшілігіне 20 мыңнан астам өтініштің үштен бірі оңтүстік өңірлердің тұрғындарынан келді. Негізінен азаматтар өз өтініштерінің немқұрайды қаралатынына, құқық қорғау және сот органдарының жұмысына шағымданады. Мемлекеттік қызмет сапасының төмен болуы және сыбайлас жемқорлық фактілері азаматтардың ренішін туғызады. Жағдайды түбегейлі өзгерту қажет. Мемлекеттік қызметшілердің негізгі міндеті – халыққа қызмет ету, сапалы мемлекеттік қызмет көрсету, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Қазақстан Президенті наурыздан бастап мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі енгізілгенін, осыған байланысты барлық қажетті жарлыққа қол қойылғанын атап өтті.

- Бірінші шілдеге дейін басқарушылардың жаңа корпусы жасақталуы керек, оның құрамына қалалар мен аудандардың әкімдері кіреді. «А» корпусына үміткерлерді іріктеуді қатаң жүргізуді тапсырамын. Олар халық пен мемлекет мүддесіне берілген кәсіби қызметшілер болуға тиіс. Биылғы шілдеден бастап ауыл әкімдеріне қосымша 5000 адам, қаражат және өкілеттік беріледі. Ең шалғай ауылдардың тұрғындары жаңа өзгерістердің тиімділігін сезінуі керек, - деді Мемлекет басшысы.

Сөзінің соңында, Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кейбір өңірлердегі су тасқынына мониторинг жүргізуі, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жұмыстарына мұқият әзірленуі қажеттігіне де назар аударды.

- Қатерлі салдарларға жол бермес үшін барлық күшті жұмылдыру талап етіледі. Көктемгі егістік жұмыстары басталады. Үкімет облыстар әкімдерімен бірлесіп, егіс науқанын өткізу үшін барлық жағдайды жасауы керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қаржыландыру мәселелерін шешу үшін қажетті шаралар қабылдау қажет, ауыл шаруашылығы техникаларын дайындауды және қажетті көлемде жанармаймен қамтамасыз етуді аяқтаған жөн, - деді Қазақстан Президенті.  

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы жергілікті билік қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде нақты нұсқау берді және олардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды.                        


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар